Ауыл шаруашылығы жануарларының сібір жарасының алдын алу

Сібір жарасы – ауыл шаруашылығы жануарлары мен адамға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Аурудың қоздырғышы топырақта ұзақ жылдар бойы спора түрінде сақталатындықтан, оның алдын алу ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Бұл ауруға ірі қара, ұсақ мал, жылқы және басқа да ауыл шаруашылығы жануарлары бейім келеді. Жануарлар ауру қоздырғышын ластанған жайылым, су, жем — шөп арқылы немесе ауру малмен және оның қалдықтарымен жанасу кезінде жұқтыруы мүмкін.

Сібір жарасының алдын алудың ең тиімді жолы – жануарларды ветеринариялық жоспарға сәйкес уақытылы вакцинациялау. Вакцинация аурудың таралуына жол бермей, жануарлардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан мал иелері ветеринариялық мамандар жүргізетін профилактикалық екпелерге міндетті түрде қатысуы тиіс.

Сонымен қатар, малды ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай күтіп-бағу, жаңадан сатып алынған жануарларды заң талаптарына сәйкес тіркеу және бірдейлендіру, ветеринариялық құжаттары бар малды ғана сатып алу және жануарлар туралы мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз ету үлкен маңызға ие.

Егер жануар кенеттен өлсе немесе жұқпалы аурудың белгілері байқалса, оны өз бетінше союға немесе өлексесін ашуға болмайды. Сондай-ақ ауру немесе күмәнді малдың етін және басқа өнімдерін пайдалануға қатаң тыйым салынады. Мұндай жағдайда дереу ветеринариялық мамандарға хабарлап, олардың нұсқауларын орындау қажет.

Сібір жарасының алдын алу – әрбір мал иесінің ортақ міндеті. Ветеринариялық талаптарды сақтау, профилактикалық вакцинацияны уақытында жүргізу және ветеринариялық қызметпен тығыз ынтымақтастық орнату арқылы ғана жануарлардың денсаулығын сақтап, жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуға болады.

 

 

07.07.2026
Қараулар: 43