Паразиттік аурулар ветеринария мен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Солардың ішінде эхинококкоз жануарлар мен адамдар үшін аса қауіпті аурулардың қатарына жатады. Бұл паразиттердің таралуында етқоректі жануарлар негізгі соңғы иесі ретінде маңызды рөл атқарады.
Эхинококкозды Echinococcus туысына жататын таспа құрттар қоздырады. Ересек паразиттер иттердің, қасқырлардың, түлкілердің және басқа да етқоректі жануарлардың ішегінде тіршілік етеді. Олар нәжіспен бірге сыртқы ортаға паразит жұмыртқаларын бөліп шығарады. Соның салдарынан топырақ, су, жайылым, көкөністер мен жеміс-жидектер ластануы мүмкін.
Ластанған азықты тұтынған ауыл шаруашылығы жануарлары паразиттің аралық иесіне айналады. Олардың бауыры мен өкпесінде эхинококктық кисталар түзіледі. Адамдар да паразит жұмыртқаларын жуылмаған қол, көкөніс, жеміс-жидек арқылы немесе ауру иттермен тығыз қарым-қатынас кезінде жұқтыруы мүмкін.
Эхинококкоздың қауіптілігі – оның ұзақ уақыт бойы ешқандай белгісіз өтуінде. Кисталар үлкейген сайын зақымданған ағзалардың қызметі бұзылып, ауырсыну пайда болады. Көп жағдайда емдеу хирургиялық араласуды қажет етеді.
Эхинококкоздан бөлек, етқоректі жануарлар токсокароз, дипилидиоз және альвеококкоз сияқты басқа да паразиттік аурулардың таралу көзі болуы мүмкін. Бұл аурулар жануарлардың денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, адам денсаулығына да қауіп төндіреді.
Аурудың алдын алудың негізгі шаралары:
-
иттер мен мысықтарды уақтылы дегельминтизациялау;
-
жануарларға ауыл шаруашылығы малдарының шикі ішкі ағзаларын бермеу;
-
жануарлармен байланыстан кейін жеке бас гигиенасын сақтау;
-
көкөністерді, жемістерді және жидектерді мұқият жуу;
-
ет пен ішкі ағзаларға ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу;
-
қаңғыбас жануарлардың санын бақылау және үй жануарларын ұстауда ветеринариялық талаптарды сақтау.
Әрбір жануар иесі профилактикалық іс-шараларды уақытылы жүргізуге жауапты. Қарапайым санитариялық және ветеринариялық талаптарды сақтау паразиттік аурулардың таралу қаупін азайтып, адамдар мен жануарлардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

Қараулар: 30