Хабарландыру

2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес есепке жататын үй жануарларының барлығы міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бұл талап жеке және заңды тұлғаларға тиесілі жануарларға, сондай-ақ баспана, уақытша ұстау орындары, оңалту орталықтары мен зоологиялық питомниктерде ұсталатын жануарларға да қатысты.

Иесі ауысқан жағдайда үй жануары қайта есепке алынып, деректер базасына енгізілуі тиіс — бұл «Үй жануарларын есепке алу ережесіне» сәйкес жүргізіледі. Біздің өңірде үй жануарларын есепке алу «TANBA» ақпараттық сервисі арқылы жүзеге асырылады.

Үй жануарларын тіркеу ақылы негізде жүргізіледі, бұл үшін иесі сәйкестендіру құралдарын (чип, болюс және т.б.) өзі таңдап, сатып алады. Алайда әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін бұл қызмет жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар арқылы бюджет қаражаты есебінен тегін көрсетіледі.

«Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес әлеуметтік осал топтарға жататындар:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ басқа мемлекеттердегі әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер;
  • I және II топтағы мүгедектер;
  • Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • Тізімге енгізілген ауыр созылмалы аурулары бар тұлғалар;
  • Жасына байланысты зейнеткерлер;
  • Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және 29 жасқа дейінгі жетім балалар (кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылғандар);
  • Қандастар;
  • Экологиялық апаттар мен төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған тұлғалар;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен, «Батыр ана» атағымен, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар және көп балалы отбасылар;
  • Мемлекеттік немесе қоғамдық борышын өтеу кезінде, әскери қызметте, адам құтқару, құқықтық тәртіпті сақтау, ғарыштық ұшуларға дайындық немесе оларды жүзеге асыру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) азаматтардың отбасылары;
  • Толық емес отбасылар.

Тегін қызмет алу үшін азамат өз мәртебесін растайтын құжат ұсынуы қажет.

Үй жануары тіркелгеннен кейін оған жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі. Жануардың өлімі жағдайында иесі 10 күн ішінде мемлекеттік ветеринариялық ұйымға немесе лицензиясы бар жеке ветеринариялық клиникаға хабарлауға міндетті.

Құрметті Шал ақын ауданының тұрғындары! Үй жануарларын уақтылы тіркеуді және олардың стерилизациясын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз. Бұл иесіз жануарлардың санын азайтуға септігін тигізеді. Есіңізде болсын: «Біз үйреткен жануарлар үшін жауаптымыз!»

03.09.2025
Қараулар: 22