Құстардың ауруларының алдын алу құс тұмауы және ньюкасл ауруы

«Шал ақын ауданының ветеринариялық станциясы» үй құстарын ұстайтын аудан тұрғындарына құс тұмауы мен Ньюкасл ауруының алдын алу шараларын сақтаудың маңыздылығын ескертеді.

Құс тұмауы — құстар арасында тез таралатын жіті жұқпалы вирустық ауру. Аурудың таралуына жабайы құстармен, әсіресе су құстарымен жанасу себеп болуы мүмкін.

Ньюкасл ауруы — құстардың тыныс алу, ас қорыту және жүйке жүйелерін зақымдайтын, жоғары жұқпалылығымен және құстардың жаппай қырылуына әкелуі мүмкін вирустық ауру. Аурудың алдын алудың негізгі шараларының бірі — ветеринариялық талаптарға сәйкес профилактикалық вакцинация жүргізу.

Аурулардың алдын алу үшін:

  • үй құстарының жабайы және синантропты құстармен байланысын болдырмау;

  • құстарды, әсіресе жабайы құстардың көші-қоны кезеңінде, мүмкіндігінше жабық жағдайда ұстау;

  • жаңадан сатып алынған құстарды кемінде 10 күн оқшаулап, олардың денсаулық жағдайын бақылау;

  • құс қораларын, құрал-жабдықтар мен мүкәммалды тұрақты түрде тазалап, дезинфекциялау;

  • жем мен судың жабайы құстармен ластануына жол бермеу;

  • құстарды және инкубациялық жұмыртқаларды тек қолайлы шаруашылықтардан және белгіленген сауда орындарынан сатып алу;

  • құстарды тасымалдау кезінде ветеринариялық талаптарды сақтау;

  • ветеринариялық мамандардың ұсынымдарына сәйкес Ньюкасл ауруына қарсы профилактикалық вакцинация жүргізу.

Құстар арасында ауру белгілері байқалған, құстар жаппай ауырған немесе қырылған жағдайда дереу мемлекеттік ветеринариялық қызметке хабарлау қажет. Ауру немесе өлген құстарды өз бетінше тасымалдауға, сатуға немесе пайдалануға болмайды.

Құрметті Шал ақын ауданының тұрғындары!

Ветеринариялық талаптарды сақтау, құстарды уақытылы вакцинациялау және санитариялық-профилактикалық шараларды жүргізу қауіпті аурулардың таралуына жол бермеуге және ауданның ветеринариялық-санитариялық қолайлылығын сақтауға мүмкіндік береді.

 

03.09.2026
Қараулар: 3